Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқарады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу мерзімі біртіндеп қысқаратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесіне икемді және гибридті оқыту форматтары енгізіледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Журналистер министрден технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде жоғары оқу орындарындағы 4-5 жылдық дәстүрлі оқу мерзімін қысқарту қажеттігін сұрады.
Саясат Нұрбек 2022 жылы мемлекеттік білім беру стандарты өзгертіліп, университеттердің оқу бағдарламаларын өз қажеттілігіне қарай икемдеу мүмкіндігі кеңейтілгенін айтты. Қазір жоғары оқу орындары білім беру мазмұнының 92 пайызына дейін өздері анықтай алады. Бұл қатарда оқу мерзімін өзгерту мүмкіндігі де бар.
Министр бұған Нархоз университетіндегі пилоттық жобаны мысал етті. Оның айтуынша, аталған оқу орнында бакалавриатта оқу мерзімі 2,5-3 жылға дейін қысқартылған.
Министрдің айтуынша, университеттер оқу мерзімін де біртіндеп қайта қарай бастады. Әсіресе жасанды интеллект саласында білім мазмұны өте жылдам өзгеретіндіктен, кейбір мамандықтар үшін төрт жыл оқу ұзақ болуы мүмкін.
«Университет оқу мерзімдерімен де біртіндеп "жұмыс істей" бастады, төрт жыл оқу тым ұзақ болатын белгілі бір мамандықтар бойынша эксперимент жасап жатыр, өйткені ЖИ (жасанды интеллект) саласында мазмұн шынымен де өте тез өзгереді», – деп түсіндірді ол.
Саясат Нұрбек сонымен қатар колледж бен жоғары білімді біріктіретін қысқартылған оқу форматын – қолданбалы бакалавриатты енгізу ұсынылғанын айтты.
«Біз қазір жоғары колледждермен де осындай пилоттық форматты іске қосамыз, сонда бала мектептен кейін колледжге түсіп, қолданбалы форматта өте тар бағыттағы мамандық алып шығады, бірақ бұл қазірдің өзінде бакалавриат деңгейі болады», – деді министр.
Оның сөзінше, алдағы уақытта жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімін қысқарту процесі жалғасады. Сонымен қатар білім беру жүйесінде икемді және гибридті форматтар көбейеді.
«Оқу мерзімдері қысқарады, жаңа, анағұрлым икемді, гибридті форматтар пайда болады – біз бұл үшін нормативтік базаны дайындап қойдық. Пилоттық жобаларды сынақтан өткіздік, негізінен, жұмыс істеп тұр», – деп түйіндеді ол.
Қолданбалы бакалавриаттың қысқартылған оқу форматын енгізу идеясы жаңа емес. Бұл бастама туралы алғаш рет 2022 жылы айтылған. Сол кезде бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда оқу мерзімі 2,5 жыл болатын қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы іске қосылатынын мәлімдеген еді.