Жаңалықтар

Қазақстан мұнайын тасымалдайтын КҚК терминалы маңында танкерге тағы шабуыл жасалды

Новороссийск жағалауында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына жақын маңда грек компаниясы басқаратын Skiros мұнай танкеріне шабуыл жасалған. Бұл туралы Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, оқиға жексенбі күні болған. Шабуыл кезінде танкердің бортында ресейлік мұнай болған. Suezmax санатындағы Skiros шамамен 1 млн баррель мұнай тасымалдауға қауқарлы.

КҚК арқылы негізінен Қазақстан мұнайы экспортталады. Ал Ресей мұнайының үлесі әдетте консорциум арқылы өтетін жалпы көлемнің 5-10%-ын құрайды.

Бұл КҚК терминалына кірген мұнай танкеріне соңғы үш аптадағы алғашқы шабуыл болып отыр.

Танкерді басқаратын компанияның мәлімдеуінше, оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Сондай-ақ теңізге мұнай төгілмеген. Компания шабуылдың өзге мән-жайларын жарияламады.

КҚК өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірмеді. Ал Украина Бас штабының өкілі Bloomberg-ке шабуыл туралы ақпарат жоқ екенін айтқан.

Бұған дейін Украина АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасамауға келіскенін мәлімдеген. Алайда бұл келісім Ресейге тиесілі немесе ресейлік жүк тасымалдайтын кемелерге қатысты емес екені айтылған.