Жүргізушілерге қате айыппұл жаппай келген: ІІМ ресми мәлімдеме жасады
Қазақстанда тас жолдарда жылдамдықты асырғаны үшін қате рәсімделген кейбір айыппұлдар автоматты түрде жойылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның ЕРАП ақпараттық жүйесінде техникалық ақау болған. Соның салдарынан кейбір жүргізушілердің орташа жылдамдықты асырғаны туралы құқықбұзушылықтары сәттік жылдамдықты асырғаны ретінде қате рәсімделген.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, техникалық ақаудан қате шығарылған барлық қаулы анықталған. Олар автоматты түрде жойылады. Жүргізушілерге полицияға барудың немесе өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеудің қажеті жоқ.
«Жүргізушілерге айтарымыз: ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады», – деді Мұрат Қабденов.
Егер жүргізуші осындай қате айыппұлды бұған дейін төлеп қойған болса, ақшаны қайтару механизмі әзірленіп жатыр.
Бұл ретте мәселе тек 13-14 тамыздағы техникалық ақау салдарынан қате рәсімделген айыппұлдарға қатысты екенін ескерген жөн.