Ақтөбе облысында төрт баланы жылан шақты
Ақтөбе облысында соңғы бір айда төрт бала жылан шағып, медициналық көмекке жүгінген. Екі жағдай Ақтөбе қаласында, тағы екеуі Хромтау ауданында тіркелген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
24KZ мәліметінше, өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті жыландардың биік шөпте, тастардың арасында және құрылыс материалдарының астында жасырынуы мүмкін екенін ескертті.
Құтқарушылар ата-аналарға балаларды далада қараусыз қалдырмауға және жыланға жақындамауды, оны ұстамауды түсіндіруге кеңес берді.
«Қалың шөпке, бұта арасына, тастардың немесе ағаштардың астына қол сұқпауын ескертіңіз. Табиғатқа шыққанда жабық аяқ киім және ұзын шалбар кигізіңіз. Балалар ойнайтын аумақты үнемі қарап, қалың шөпті уақытылы шабыңыз. Шатыр, төсек-орын, киім және аяқ киімді пайдаланар алдында тексеріңіз», – деп ескертті мамандар.
Мамандар табиғатта жүргенде балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Егер жылан шаққан жағдайда, сабыр сақтап, мүмкіндігінше тез медициналық көмекке жүгіну қажет.