Жаңалықтар

"Денесінің сау-тамтығы жоқ, сүйреп асып қойған сияқты": Меркідегі жас әйелдің өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Жамбыл облысының Меркі ауданында 8 айлық сәбиі бар жас келіншектің қайтыс болуына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұған дейін әйелдің отбасындағы жанжалдан кейін өзіне қол жұмсағаны айтылған. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқамен келіспей, оның өлімінің мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.

Марқұм қайтыс болар алдында құрбысына күйеуінен зорлық көргенін жазған. Әлеуметтік желіде тараған хаттарда әйел жолдасы оны «Барни» шоколадын жеп қойғаны үшін ұрғанын және ажырасу үшін ақша сұрағанын айтқан.

Оқиғадан кейін марқұмның құрбысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, оның денесінде көптеген жарақат болғанын мәлімдеді.

«Мадинаның денесінің сау-тамтығы жоқ, сүйреп асып қойған сияқты. Өзін өлтірген адамға ұқсамайды, шыны керек. Шашы қоқым-қоқым, аяғы сырылған. Арқасы сабалған, беті көкпеңбек», – деп жазды ол.

Қазір марқұмның туыстары мен қоғам белсенділері істің барлық мән-жайын анықтауды талап етіп отыр. Олар егер әйелдің өліміне басқа адамдардың қатысы бары анықталса, кінәлілердің заң бойынша жауапқа тартылуын сұрайды.

Әзірге оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы ресми түрде толық жарияланған жоқ.