Жаңалықтар

Түркістан облысында қыз өзін алып қашқанына шағымданып, арызды қайтарып алу үшін 5 млн теңге талап еткен

Әлеуметтік желіде Түркістан облысының тумасы мен Ұлытау облысының тұрғыны арасындағы некеге қатысты жазба қызу талқыланып жатыр. Жазба авторы бойжеткеннің жігітке өз еркімен тұрмысқа шыққанын, кейін «мені алып қашты» деп арыз жазғанын мәлімдеген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Желідегі ақпаратқа сәйкес, Аида есімді бойжеткен Ұлытау облысы Қарсақбай кентінің тұрғыны Нұрсұлтанмен тоғыз ай бойы кездесіп жүрген. Жазба авторының айтуынша, екі жас отбасын құруға өзара келісіп, 2026 жылғы 15 шілдеде қыз Қарсақбайға келін болып барған.

«Аида Нұрсұлтанмен тоғыз ай бойы қыз бен жігіт ретінде араласып, тұрмысқа шығуға өз еркімен келісім берді. Кейін Қарсақбай кентіне келін болып түсті», – делінген жазбада.

Алайда кейін бойжеткен полицияға өзін алып қашқаны туралы арыз бергені айтылған. Жазба авторы арызды қайтарып алу үшін 5 миллион теңге талап етілгенін мәлімдеді. Күйеу жігіттің отбасы оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесуді сұрап, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке және құзырлы органдарға жүгінген.

Оқиғаға қатысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.