Ұлдана Мырзуанның анасы қызының өлімінен кейінгі түсініксіз жағдайларды айтты
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы қызы қайтыс болғаннан кейін болған бірқатар түсініксіз жағдай туралы айтты. Ол бұл жайттарды журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында баяндаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Анасының сөзінше, ақпан айында құдағиы оған хабарласып, Ұлдананың туу туралы куәлігіне қатысты құжатты сұраған. Сонымен бірге марқұмның банк алдында қарызы бар екенін айтып, белгілі бір құқықтан немесе мұрадан бас тарту туралы құжат рәсімдеуді ұсынған.
«Маған құдағиым хабарласып, банктегі несиені төлеу керек екенін айтты. Одан кейін "отказной" жазып бересіз бе деп сұрады. Бұл сөзге қатты таңғалдым», – деді Ұлдананың анасы.
Осыдан кейін ол заңгермен бірге банкке барып, қызының атына қандай да бір несие немесе қарыз тіркелгенін тексерген.
Тексеру нәтижесінде Ұлдана Мырзуанның атына несие де, басқа да берешек тіркелмегені анықталған. Анасының айтуынша, қызының банк шоттары бұған дейін толық жабылған. Банк қызметкері де марқұмның атына қарыз жоқ екенін растаған.
Ұлдананың анасы осы жағдайдан кейін қызы қайтыс болғаннан кейін жасалған кейбір әрекеттерге қатысты күдігі күшейгенін айтты. Оның сөзінше, ол оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталғанын қалайды.