Жаңалықтар

Күзге ауа райы болжамы жарияланды

Қазақстанда күз айларында ауа райы қандай болатыны белгілі болды. «Қазгидромет» мамандарының болжамынша, қыркүйекте елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шамасында болады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында күн әдеттегіден жылырақ болуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қыркүйекте жауын-шашын көп түседі

Синоптиктер қыркүйекте Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болатынын болжап отыр.

Керісінше, Қызылорда мен Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Жамбыл облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын аз түседі.

Қазан мен қарашада күн жылы болады

Қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормадан жоғары болады деп күтіледі. Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарында температура климаттық нормаға жақын болады.

Қарашада елдің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болуы ықтимал. Ал Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының шығыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады.

Қарашада жауын-шашын мөлшері Қазақстанның көп бөлігінде нормаға жақын болады. Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарының солтүстігінде жауын-шашын нормадан көп түсуі мүмкін.

Астана мен Алматыда ауа райы қандай болады?

Қыркүйекте Астанада орташа ауа температурасы +12,2 градус болады деп болжанып отыр. Айдың 21-30 аралығында күн салқындап, түнгі температура +1…+6 градусқа, күндіз +6…+11 градусқа дейін төмендейді. Кейін ауа райы қайта жылып, түнде +5…+10, күндіз +11…+16 градусқа дейін көтеріледі.

Алматыда қыркүйектегі орташа температура +17,5 градус шамасында болады. 21-30 қыркүйек аралығында түнде ауа температурасы +1…+6 градусқа, күндіз +12…+17 градусқа дейін төмендейді.

«Қазгидромет» маусымдық болжамның алдын ала сипатта екенін және ауа райы жағдайына қарай нақтылануы мүмкін екенін ескертеді.