Жаңалықтар

«Төрт баланың анасын күйеуімен ажырасып, өзіне тұрмысқа шығуға көндірген»: Маңғыстауда 50 млн теңге жымқырған подполковник сотталды

Маңғыстау облысында ҰҚК Шекара қызметі департаментінің 45 жастағы аға уәкілі мемлекеттен тұрғын үй төлемін заңсыз алғаны үшін сотталды,  деп хабарлайды buginmedia.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысында ҰҚК Шекара қызметі департаментінің 45 жастағы аға уәкілі мемлекеттен тұрғын үй төлемін заңсыз алғаны үшін сотталды.

Тергеу мәліметінше, әскери қызметкер тұрғын үй төлемінің мөлшерін көбейту үшін отбасы құрамын әдейі ұлғайтқан. Ол төрт баланың анасына күйеуімен ажырасып, өзіне тұрмысқа шығуды ұсынған. Бұл үшін әйелге 3 миллион теңге беруге уәде еткен.

Әйел бұрынғы күйеуімен ажырасып, әскери қызметкермен ресми некеге тұрған. Кейін оның төрт баласының туу туралы куәліктері нотариус арқылы куәландырылып, құжаттар Шекара қызметінің тұрғын үй комиссиясына тапсырылған.

Осыдан кейін әскери қызметкердің есепшотына мемлекеттен шамамен 50 миллион теңге көлемінде біржолғы тұрғын үй төлемі аударылған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол бұл қаражатты пәтер сатып алу мәмілесі арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Кейін әйелге уәде етілген 3 миллион теңгені беріп, онымен ажырасқан.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындамаған. Ол некенің шынайы болғанын айтқан. Алайда төрт баланың анасы оның сөзін жоққа шығарып, әскери қызметкермен бірге тұрмағанын және некенің жалған болғанын мәлімдеген.

Әскери сот істі қарап, жалған неке мен алаяқтық фактілері дәлелденді деген қорытындыға келген.

Сот үкімімен әскери қызметкер 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол «подполковник» әскери атағынан айырылып, мемлекетке келтірілген шамамен 50 миллион теңге шығынды толық өтеуге міндеттелді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.