Жаңалықтар

Меркіде 19 жастағы әйел өзіне қол салды: ол күйеуінің қол көтергенін айтқан

Жамбыл облысында 19 жастағы әйел қайтыс болды. Қайғылы жағдайдың алдында ол құрбысына күйеуімен қарым-қатынасы туралы жазып, жанжал кезінде соққыға жығылғанын айтқан. Сондай-ақ бойжеткен отбасынан кеткісі келетінін айтқан, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Марқұм Мадина Рашидқызы Өзбекстан азаматы болған. Ол күйеуімен бірге Меркі ауданында екі жылға жуық тұрған. Ерлі-зайыптының сегіз айлық сәбиі бар.

Мадинаның құрбысы Зейнеп әлеуметтік желідегі жазбасында бойжеткеннің отбасындағы жанжал туралы бірнеше рет айтқанын жазды. Оның сөзінше, Мадина күйеуінің өзіне қол көтеретінін айтып шағымданған.

Зейнеп Мадинаның денесіндегі көгерген іздерді өз көзімен көргенін және бойжеткен оған жарақаттарының суреттерін де жіберіп отырғанын мәлімдеді.

Қайтыс болар алдында Мадина күйеуімен тағы да жанжалдасқанын құрбысына жазған. Зейнептің айтуынша, жанжал балаға деп алынған тәттіні Мадинаның өзі жеп қойғаннан кейін басталған. Хат алмасу барысында Мадина күйеуінің осыдан кейін өзін ұрғанын айтқан.

Келесі күні Мадина жиналған заттарының суретін құрбысына жіберіп, үйден кетіп, күйеуімен ажырасқысы келетінін жазған.

Одан кейін Мадина Зейнептен 15 мың теңге қарыз сұраған. Құрбысының айтуынша, оның қолында қажетті ақша болмаған. Кейін Зейнепке Мадинаның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.

Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты адамды өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша соталды тергеу басталған.

"Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген хабарламада.