Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялауы мүмкін екенін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын «жақын арада» АҚШ аумағы деп жариялауы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Лонг-Айлендтегі полиция академиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Трамптың сөзінше, мұндай шешім АҚШ-тың Иранға қарсы соғысын аяқтағаннан кейін қабылдануы мүмкін.
«Иранды талқандауды аяқтағаннан кейін мен жақын арада Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялаймын. Негізінде, ол қазірдің өзінде солай. Біз бұғазға блокада қойдық. Егер қаламасақ, ешбір кеме бұғаздан өте алмайды», – деді Трамп.
Ормуз бұғазы неге маңызды?
Ормуз бұғазы — әлемдік энергетика нарығындағы стратегиялық маңызы жоғары теңіз жолдарының бірі. Әлемде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі осы бұғаз арқылы өтеді.
Сондықтан бұғаздағы кез келген әскери шиеленіс немесе теңіз қатынасының шектелуі мұнай бағасына және әлемдік энергетикалық нарыққа әсер етуі мүмкін.
Трамптың мәлімдемесі АҚШ-тың нақты саясатына айнала ма, әлде саяси мәлімдеме деңгейінде қала ма — әзірге белгісіз.
Иран бұғазға қатысты шешімді өзі қабылдайтынын мәлімдеді
Иран билігі Вашингтонның қысымына көнбейтінін айтып отыр. Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазем Ғарибабади Ормуз бұғазын ашу немесе жабу туралы шешімді Иран қабылдайтынын мәлімдеді.
Ал Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Тегеранның АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау туралы әзірге шешім қабылдамағанын айтты.
Оның сөзінше, Катар мен Пәкістан арқылы жүргізіліп жатқан байланыстарды келіссөз деп атауға болмайды. Ал Оманмен консультациялар Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын қалпына келтіру мәселесіне қатысты.
Бұған дейін Трамп АҚШ-тың бұғазға «толық бақылау» орнатқанын мәлімдеген еді. Алайда Ормуз бұғазы Иран мен Оман арасындағы халықаралық теңіз жолы саналады.
Қақтығыс жанармай бағасына әсер етті
Әскери қақтығыс пен теңіз қатынасындағы қиындықтар аясында жанармай бағасы да өсті. Трамп америкалықтардың бензинге көбірек ақша төлеп жатқанын мойындағанымен, Иранға қарсы АҚШ әрекеттерін ақтайтынын айтты.
Ал Иран АҚШ-тан саясатын өзгертуді, соғыстан келген шығынды өтеуді, санкцияларды алып тастауды және бұғатталған ирандық активтерді босатуды талап етіп отыр.
Осылайша, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыстан бөлек, әлемдік мұнай нарығы мен халықаралық теңіз қатынасына әсер ететін мәселеге айналып отыр.