Жаңалықтар

Белгілі ақын Бекжан Әшірбаев дүниеден озды

Қазақ әдебиеті мен журналистика саласында еңбек еткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, еңбек сіңірген қайраткер, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбаев 52 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Ғұмырының елеулі бөлігін журналистикаға арнап, бірқатар республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарды.

Ол әр жылдары «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, Azamat.kz апталығы бас редакторының бірінші орынбасары, «Ел мен Жер» басылымының бас редакторы болды. Сонымен қатар «Жас қазақ үні» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды.

Қаламгер Қазақстан Журналистер одағының мүшесі еді. Оның өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас қазақ үні», «Azamat.kz» және «Парасат» сияқты республикалық басылымдарда жарық көрді.

Ақынның шығармашылық мұрасында бірнеше жыр жинағы бар. Солардың бірі — «Қоңыр әуен» кітабы. Жинақ 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыс аясында жарыққа шыққан.

Бекжан Әшірбаев әдеби шығармашылықпен қатар, қазақ баспасөзінің дамуына да үлес қосты. Ол ақындық пен журналистік қызметті қатар алып жүрген қаламгер ретінде танылды.

Бекжан Әшірбаевтың қазасына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.