Сербияда қаза тапқан 19 жастағы қазақстандық қыздың ісін елдің Жоғары прокуратура тексеріп жатыр
Шілде айының соңында Сербияда Қазақстанның 19 жастағы азаматы Амира Қанаттың қаза болғаны туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірді. Қыздың әкесі оның өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбей, істің мән-жайына қоғам назарын аударуға тырысты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
BES.media басылымының жазуынша, марқұмның туыстарының бірі Назима Рахимбердінің сөзінше, Амираның өліміне Белградта танысқан адамдардың қатысы болуы мүмкін. Жақындары қыздың қаза болар алдында мінез-құлқы өзгеріп, туыстары және достарымен сирек байланысқа шыққанын айтқан. Олардың пікірінше, Амира қандай да бір қиын жағдайға тап болуы немесе біреудің ықпалында қалуы мүмкін.
Туыстарының айтуынша, Амираның болашаққа қатысты үлкен жоспарлары болған. Ол білім алып, өзін дамытуға ниетті болған.
Іске қатысты Белградта Амирамен танысқан Влад есімді азамат та пікір білдірген. Оның айтуынша, қыздың баспанасына байланысты қиындықтары болғандықтан, ол Амираны уақытша өз үйіне тұруға шақырған. Владтың нұсқасы бойынша, қайғылы оқиға болған күні ол бірнеше сағатқа үйден шығып кеткен. Кейін өзі мен досы Амираның балконға шыққанын және құлағанын көргенін мәлімдеген.
Влад сонымен қатар қыздың заттарының арасынан күнделік табылғанын айтқан. Оның сөзінше, күнделікте Амираның бұрын психологиялық қиындықтарды бастан өткергені туралы жазбалар болған. Бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Оқиғадан бірнеше күн өткен соң марқұмның туыстары мен Белградтағы таныстары әлеуметтік желіде жариялаған кейбір видеоларын өшіріп тастаған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Амира Қанаттың қазасы туралы ақпарат түскеннен бері оның туыстарымен байланыста болғанын хабарлады. Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарына тиісті өтініштер жолдаған.
Сербия тарапының мәліметінше, Амираның өліміне қатысты материал Жоғары прокуратураның қарауына берілген. Қазақстан тарапы сербиялық құзырлы органдардың ресми қорытындысын күтіп отыр.
Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілді. Елшілік оның туыстарына репатриация мәселесі бойынша консулдық-құқықтық көмек көрсеткен.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел аумағында бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелмеген.
Адвокат Бауыржан Азанов Қазақстан СІМ Консулдық қызмет департаментіне арнайы өтініш жолдағанын айтты. Ол Сербияның құзырлы органдарымен, оның ішінде Белград Жоғары прокуратурасымен байланыс орнатуды және Амира қаза болар алдында жанында болған адамдарға қатысты қажетті процессуалдық әрекеттерді жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұраған.
Адвокаттың айтуынша, Белград Жоғары прокуратурасында Амира Қанаттың қазасына қатысты материал бар. Алайда әзірге ресми қылмыстық іс жүргізу басталмаған.