Қазақстанда мемлекеттік грантты өтеу мерзімі өзгертілді
Қазақстанда мемлекеттік грантпен білім алған түлектердің міндетті жұмыспен өтеу ережелері өзгерді. Авиация саласының мамандары үшін бұл мерзім бес жылға дейін ұзартылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тиісті өзгерістер Қазақстан азаматтарының мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алуы кезінде маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығындарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, жұмыспен өтеу міндетінен босату немесе бұл міндетті тоқтату қағидаларына енгізілді.
Атап айтқанда, өзгерістер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша авиациялық мамандықтарда білім алған түлектерге қатысты. Олар жоғары оқу орнын немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін кемінде бес жыл жұмыс істеуі тиіс.
Ал басқа мамандықтар бойынша міндетті жұмыспен өтеу мерзімі өзгеріссіз қалады — кемінде үш жыл.
Жаңа талаптар енгізілген тиісті бұйрық 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енеді.
Жекелеген талаптар бейін бойынша доктор бағдарламасында докторантурада білім алғандарға да белгіленді. Оқу аяқталғаннан кейін олар кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс.
Олар өз мамандығына және білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, мемлекеттік органдарда немесе басқа да ұйымдарда еңбек ете алады.