Жаңалықтар

Екібастұзда 37 жастағы ер адам полиция бөлімінде қайтыс болды

Екібастұзда 37 жастағы ер адам полицияға жеткізілгеннен кейін қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайы қазір анықталып жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Марқұмның туыстарының айтуынша, 11 тамызда Ринатты Солнечный кентіндегі үйінің маңында ұстап, ГРЭС-2 полиция бөліміне жеткізген. Бұл туралы «Qumash» Telegram арнасы жазды.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, ер адам ұсталғаннан шамамен жарты сағат өткен соң полициядан Ринаттың анасына қоңырау шалып, бөлімге келуін сұраған. Туыстарының айтуынша, әйел ұлын полиция бөлімінде өмір белгілерінсіз көрген.

Полиция не дейді?

Павлодар облысының полиция департаменті мәліметінше, 11 тамызда ауладағы мас адамның қоғамдық тәртіпті бұзып, әйелге күш қолданатынын айтып қорқытқаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына келген полицейлер ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Ол арнайы бөлмеге орналастырылған.

Полицияның мәліметінше, ер адам бұған дейін сотталған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Біраз уақыттан кейін ол арнайы бөлмеде ес-түссіз күйде табылды. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адам қайтыс болды. Бейнежазбалар тәркіленді», – деп хабарлады полиция.

Қазір ер адамның өліміне қатысты оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.