Қайсар Камза ісінде жаңа күдіктілер анықталды: АҚШ пен Украина азаматтары да тергеліп жатыр
Қаржы мониторингі агенттігі Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған блогер Қайсар Камзаға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу барысында іске АҚШ пен Украина азаматтарының да қатысы болуы мүмкін екені анықталған. ҚМА мәліметінше, тағы төрт адам күдікті деп танылған. Олардың қатарында АҚШ азаматы Дмитрий Дружински, Украина азаматы Марина Левкович-Гинзбург, сондай-ақ Дмитрий Пунин мен Марина Ильина бар.
Тергеу нұсқасына сәйкес, шетелде жүрген Дружински мен Левкович-Гинзбург PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істейтін онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастыруға қатысқан. Олар серіктестерді таңдап, банктер және төлем ұйымдарымен байланыс орнатқан деген күдік бар.
ҚМА дерегінше, заңсыз қызметті жасыру үшін «Бонами» ЖШС құрылып, оның атына заңды букмекерлік лицензия рәсімделген.
Блогерлер де тергеліп жатыр
Агенттік онлайн-казиноларды әлеуметтік желілерде жарнамалаған басқа да адамдардың әрекетін тексеріп жатыр.
Тергеу мәліметі бойынша, Өзбекстан азаматы Махмуд Хикматов Қазақстан аудиториясына бағытталған инфлюенсерлерді іздеп, олармен жұмыс ұйымдастырған. Ол халықаралық іздеуге жарияланған.
ҚМА мәліметінше, онлайн-казино жарнамасына 35-тен астам блогер тартылуы мүмкін.
Солардың бірі — Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған Қайсар Камза. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен шамамен 400 мың жазылушысы бар жабық Telegram-арнасында онлайн-казиноға апаратын сілтемелер орналастырған.
Агенттік блогердің осы қызметтен тапқан заңсыз табысын 100 млн теңгеден асады деп бағалап отыр. Қаражат криптоәмиян арқылы аударылғаны айтылды.
Сот шешімімен Қайсар Камзамен байланысты 182 736 доллар көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынған.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. ҚМА күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталатынын ескертті.