Білім

«Енді мұғалімдерге оңай болады»: Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарға қатысты қуанышты жаңалығын жариялады

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстандағы бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Соның ішінде модерация процесі толығымен алынып тасталады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа жүйе мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, оқушыларды қолдауға және ата-аналарға түсінікті бағалау тәртібін қалыптастыруға бағытталған.

«Бастауыштағы бағалау – мұғалімнің ауыр, шамадан тыс жүктемесін азайту, баланы қолдау, ата-анаға ашық әрі түсінікті бағалау жүйесін жасау және ең бастысы, білім сапасын арттыратын әділ бағалау жүйесін қалыптастыру», – деді министр.

Модерация алынып тасталады

Министрдің сөзінше, қазіргі модерация процесі көп жағдайда формалды түрде өткізіліп, мұғалімдерге қосымша салмақ түсіріп отыр.

«Жаңа оқу жылынан бастап бастауыштың бағалау жүйесінен модерация алынып тасталады. Негізгі мақсатымыз – мұғалімнің жүктемесін жеңілдету. Қазір модерацияның көп жағдайда формалды түрде жүргізіліп, мұғалімге шамадан тыс жүктеме түсіргенін көріп отырмыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқушылардың дағдылары да бағаланады

Жаңа жүйеде бастауыш сыныптарда диктант, мазмұндама, шығарма және математикадан бақылау жұмыстары қайта енгізіледі. Әр жұмыс түріне арнайы бағалау критерийлері әзірленеді.

Министрдің айтуынша, енді оқушының тек ақпаратты меңгеруі ғана емес, алған білімін қолдана білуі де ескеріледі.

«Енді баланың дағдылары да бағаланады. Яғни бұрынғыдай тек ақпаратты меңгеру деңгейі ғана емес, баланың нақты дағдылары ескеріліп, сол дағдылары тексеріледі», – деп түсіндірді министр.

Арнайы бөлім құрылады

Бағалау жүйесін жетілдіру үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында арнайы бөлім құрылмақ. Оның мамандары бастауыш сыныптарға арналған бағалау тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлейді.

Бұл құжаттарда аралық бақылаудың саны, формативті бағалаудың тәртібі мен жиілігі және бағалау критерийлері көрсетіледі.

«Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, әдістемелік бағыттағы мамандар мен тәжірибелі ұстаздар барлық мектептерге арналған бірыңғай ұсынымдар әзірлейтін болады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осылайша, жаңа бағалау жүйесінде мұғалімдердің жүктемесін азайтуға, бағалауды түсінікті етуге және оқушылардың нақты дағдыларын анықтауға басымдық берілмек.