«Павлодар – Ресейдікі»: Қазақстан туралы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік блогер елден шығарылды
Желіде Fasoollka деген атпен танымал, ресейлік стример Ксения Гузаева Қазақстан туралы даулы мәлімдемелерінен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ресейлік стример Ксения Гузаева, әлеуметтік желіде Fassoollka деген лақап атпен танымал, Қазақстан туралы даулы мәлімдемелерінен кейін елден шығарылды. Оған әкімшілік айыппұл салынып, Қазақстанға бес жылға кіруге тыйым салынды.
Астана полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде шетел азаматының тікелей эфирлері анықталған. Полиция оның эфирлерінде Қазақстан мен қазақстандықтарға қатысты арандатушылық және әдепке жатпайтын пікірлер айтылғанын хабарлады.
Сот шешімімен Гузаева әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар оны ел аумағынан шығару туралы шешім орындалды. Заңға сәйкес, стримердің Қазақстанға қайта кіруіне бес жылға шектеу қойылды.
Стримердің Қазақстан туралы айтқан сөздері әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көпшілік арасында наразылық туғызды. Атап айтқанда, оның Павлодардың Қазақстанға тиесілілігіне күмән келтіріп, қаланы Ресеймен байланыстырғаны туралы видеолар тараған. Сондай-ақ ол Қазақстан мен қазақ халқына қатысты әдепсіз сөздер айтқан.
Кейін Гузаева өзі де болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде оған қорқыту сипатындағы хабарламалар келген және жеке мәліметтері тараған. Стример сот шешімі бойынша өзіне 85 мың теңге айыппұл салынғанын да айтқан.
Полиция Қазақстанның шетел азаматтары үшін ашық ел екенін, алайда ел аумағында жүрген кез келген адамның заң талаптарын сақтауы тиіс екенін еске салды.
«Қазақстан – шетел азаматтары мен ел қонақтары үшін ашық мемлекет. Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында болу заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ елімізге, оның азаматтарына және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына құрметпен қарауды талап етеді», – делінген полиция хабарламасында.
Осылайша, әлеуметтік желідегі дау құқықтық мәселеге ұласып, сот шешімімен стримерге айыппұл салынып, Қазақстаннан шығарылды. Оған елге қайта кіруге бес жылдық шектеу қойылды.