Нұрай Серікбайдың өлімі: Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. 13 тамызда сот Шерхан Аймаханды кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот Аймаханды аса қатыгездікпен адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша кінәлі деп тапты. Сонымен қатар сотталушыдан 25 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарылды.
Іс қалай өрбіді?
Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан қызды өз еркінен тыс алып кетіп, кейін оны қудалаған. Қылмыстық іс бойынша оған үш бап бойынша айып тағылды.
Сот барысында тараптар істің мән-жайына қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындамай, оқиға кезінде аффект жағдайында болғанын айтқан. Ал сот-психиатриялық сараптама оның өз әрекетінің мәнін түсіну және оны басқару қабілетіне әсер ететін психикалық бұзылысы болмағанын көрсетті.
11 тамызда мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурор сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталмағанын айтқан.
Ал 13 тамызда сот прокурордың талабын қанағаттандырып, Аймаханды өмір бойына соттады.
Бұл іс қоғамда қызу талқыланды. Негізгі назар қызды некеге мәжбүрлеу, кейін қудалау фактілеріне және мұндай жағдайлардың алдын алу мәселесіне ауды.