2002 жылы туған әйел материалдық қиындықтарға байланысты жүктілік кезінде баласын сатуды жоспарлаған.
"Ол "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі "бала асырап алғым келеді" атты қауымдастықта хабарландыру жариялап, сатып алушы тауып, жаңа туған қыз баланы 800 000 теңгеге сатуға келіскен", - дейді прокуратура.
28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.
Оның қылмыстық әрекеті қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жасырын тергеу шаралары кезінде анықталды. Жедел іс-шара барысында сатып алушы ретінде әрекет еткен адамға сериялық нөмірлері алдын ала тіркелген ақша қаражаты берілген.
"31 наурызда Павлодар қаласындағы пәтерлердің бірінде сотталған әйел жаңа туған нәрестені оған қатысты медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырып, 100 000 теңге көлемінде сыйақы алды", - дейді Павлодар облысының прокуратурасы.
Аталған қылмыстық іс Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот әйелді бес жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге қалдырылды.