Жаңалықтар

Алматыда автобус әйелді қағып өлтірді

Алматыда жолаушылар автобусы 30 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жол-көлік оқиғасы 12 тамыз күні сағат 12:20 шамасында Бостандық ауданындағы Мұстафин көшесінде болған.

Полицияның мәліметінше, жеке тасымалдаушыға тиесілі автобус Мұстафин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатқан. Осы кезде жолды шығыс бағытта кесіп өтіп бара жатқан 1996 жылы туған әйелді қағып кеткен.

— Жеке тасымалдаушыға тиесілі автобустың жүргізушісі Мұстафин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, көшені шығыс бағытта кесіп өткен 1996 жылы туған әйелді қағып кеткен, — деп хабарлады полиция департаменті.

Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

Аталған факті бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.