Шымкент маңындағы жол апатынан бір әулеттің үш адамы қаза тапты
«Шымкент – Бадам» автожолында ірі жол-көлік оқиғасы болып, бір отбасының үш мүшесі қаза тапты.
Politico.kz жазуынша, қаза болғандардың арасында Астанадан қонаққа келген ана мен оның қызы, сондай-ақ олардың туысының 11 жастағы ұлы болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көліктегі жолаушылардың бірі апатқа дейін жолда қатар келе жатқан күйеуінің көлігіне ауысып үлгерген.
Куәгерлердің айтуынша, жеңіл автокөлік бірнеше көлікті басып озу кезінде қарсы бағытқа шығып кеткен. Осы сәтте ол қарсы келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Куәгерлер жүк көлігі соқтығыстан кейін жеңіл көлікті шамамен 100 метрге дейін сүйреп барғанын айтқан.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.