Әлемде

Башар Асад Сирияда сырттай өлім жазасына кесілді

Сирия соты елдің бұрынғы президенті Башар Асадқа қатысты сырттай өлім жазасы туралы үкім шығарды. 11 тамызда Төртінші қылмыстық сот экс-президентті адамзатқа қарсы және әскери қылмыстар жасады, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды қасақана өлтірді деген айыптар бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сот отырысында Асад билігі кезінде жасалды деген бірнеше ауыр қылмыс қаралды. Бұрынғы президентке бейбіт тұрғындар мен балаларды әдейі нысанаға алып, жаппай қырып-жоюға қатысты деген айып тағылды.

Сонымен қатар сот Асадты түрмелердегі тұтқындарды жаппай азаптауды ұйымдастырды деп айыптады. Оның билігі кезінде мыңдаған азамат сотсыз және тергеусіз ұзақ уақыт бойы қамауда ұсталғаны да сотта айтылды.

Бұдан бөлек, экс-президенттің билігін сақтап қалу үшін бейбіт халыққа қарсы әскери күш қолданғаны көрсетілді. Бұл ретте ауыр қару-жарақтың пайдаланылғаны да ескерілді.

Сот төрағасы Фахр ад-Дин әл-Арьян аталған қылмыстарды «ерекше ауыр және сұмдық» деп бағалады. Оның сөзінше, істің мән-жайы Асадқа ең жоғарғы жаза – өлім жазасын тағайындауға негіз болған.

Башар Асад сот процесіне қатысқан жоқ. Қазір ол Ресейде тұрады. Экс-президент 2024 жылғы желтоқсанда отбасы мүшелерімен бірге Сириядан кетіп, Мәскеуге барған.

Бұған дейін Асадтың Ресейге ұшып кеткен кезде өзімен бірге екі тонна ақша алып кеткені туралы ақпарат тараған.