Әлеуметтік көмек алушыларды жасанды интеллект анықтайды
Қазақстанда азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмекті тағайындау процесіне жасанды интеллект енгізіледі. Жаңа жүйе адамның әлеуметтік жағдайы мен көмекке мұқтаждық деңгейін ескеріп, қандай қолдау қажет екенін анықтауға ұсыныс береді. Жүйені 2026 жылғы қазанда іске қосу жоспарланған.Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жаңа механизм Әлеуметтік қолдаудың бірыңғай цифрлық платформасы арқылы жұмыс істейді. Қазір платформада әкімдіктер көрсететін мемлекеттік көмектің 13 түрін алуға мүмкіндік бар.
Министрдің айтуынша, тамыз айынан бастап әкімдіктер беретін біржолғы әлеуметтік төлемдер де жасанды интеллект көмегімен тағайындала бастайды. Ал соңғы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
Қыркүйекте азаматтарға мемлекеттік қолдауға eGov Mobile арқылы өтініш беру мүмкіндігін іске қосу жоспарланып отыр. Қазан айынан бастап жасанды интеллект азаматтың нақты қажеттілігін ескеріп, әлеуметтік көмекті нысаналы түрде тағайындауға ұсыныс жасайды.
«Жүйе алдымен төлем алушыларды анықтап, тағайындау туралы шешімнің жобасын жасайды. Ал төлем жасау туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды», – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің сөзінше, маусым айынан бастап азаматтарға қажетті құжаттарды өздері жинап, мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ. Бір өтініш беру жеткілікті, қалған мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
Қазір цифрлық платформа арқылы әлеуметтік көмектің 13 түрін алуға болады. Олардың қатарында емделуге, дәрі-дәрмекке, санаторий-курорттық емге, коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп-ұстауға, телефон төлеміне және тұрмыстық қажеттіліктерге берілетін көмек бар. Сонымен қатар қатты отын сатып алуға және ақшалай көмек алуға мүмкіндік қарастырылған.