Жаңалықтар

Геннадий Головкин халықаралық спорт ұйымындағы жаңа қызметке үміткер атанды

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт ассоциациясының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне үміткерлердің ресми тізіміне енді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Головкиннің кандидатурасы біліктілік пен этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша барлық қажетті тексеруден өткен. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің атынан ISSA Атқарушы комитетінің 2026-2029 жылдарға арналған сайлауына кандидат ретінде тіркелді.

Үміткерлердің тізімі ISSA-ға мүше барлық Ұлттық Олимпиада комитеттеріне жіберілген.

Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы кезінде ұйымдастырылады.

Ислам ынтымақтастығы спорт ассоциациясы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиада комитеттерін біріктіреді. Ұйымның негізгі спорттық жобаларының бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.

Айта кетейік, биыл 15 маусымда Геннадий Головкиннің элиталық Халықаралық бокс даңқы залына енген Қазақстан тарихындағы алғашқы өкіл болғаны белгілі болды.