Жерде жатқан қорапты көтерген ер адамның қол-аяғы жұлынып кетті
Ресейдің Курск облысында орманнан табылған шырын қорабын көтермек болған 54 жастағы ер адам жарылыстан ауыр жарақат алды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға Глушков ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам орман жиегінде жатқан шырын қорабын байқап, оны қолына алған. Осы сәтте қорап жарылған.
Жарылыс салдарынан ер адам ауыр жарақат алған. Оқиға орнына медицина қызметкерлері шақырылып, алғашқы көмек көрсетілді.
Курск облысының губернаторы Александр Хинштейннің мәлімдеуінше, зардап шеккен адамның жағдайы ауыр. Оны әрі қарай емдеу үшін жақын уақытта Курск қаласына жеткізу жоспарланып отыр.
Оқиғаның нақты себептері, сондай-ақ қорапта қауіпті заттың қалай пайда болғаны әзірге белгісіз. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.