Білім

Ұлттық тестілеу орталығы грант иегерлеріне үндеу жасады

Ұлттық тестілеу орталығы мемлекеттік білім грантын жеңіп алған талапкерлерге маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

Грант иегерлері алдымен білім гранты туралы куәлігін алуы қажет. Электронды құжатты grant.testcenter.kz сайты арқылы жүктеп алуға болады. Ол үшін сайтқа талапкердің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен тестілеу кезінде берілген тестілеуге қатысушының жеке кодын (ТЖК) енгізу керек.

Талапкердің ТЖК нөмірі грант конкурсына қатысу үшін тапсырған ҰБТ сертификатында көрсетіледі.

Куәлікті алғаннан кейін талапкерлер 25 тамызды қоса алғанда грант немесе ақылы негізде білім алу үшін таңдаған жоғары оқу орнына құжаттарын тапсыруы тиіс.

Қабылдау комиссиясына мына құжаттар ұсынылады:

жеке куәлік;

3×4 форматындағы фотосурет;

орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом;

№075/у нысанындағы медициналық анықтама;

ер азаматтар үшін әскери тіркелу туралы куәлік;

білім грантын тағайындау туралы электронды куәлік, болған жағдайда;

жеңілдікті санатқа жататынын растайтын құжаттар, болған жағдайда.

Айта кетейік, биыл мемлекеттік білім грантының иегерлері 7 тамызда жарияланды. Бакалавриат бойынша жалпы 75 371 грант бөлінген.

Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлер үшін де мүмкіндік бар. Олар әкімдіктер бөлетін білім гранттарына және «Қазақстан халқына» қорының гранттарына қатыса алады.