Жаңалықтар

KAZ Minerals компаниясының бірден екі нысанында екі күн қатарынан өрт шықты

KAZ Minerals компаниясының Абай облысындағы екі нысанында екі күн қатарынан төтенше жағдай тіркелді. 8 тамызда Орловская шахтасында түтін шығып, түнгі ауысымдағы жұмысшылар жер бетіне шығарылды. Арада бір күн өткенде Ақтоғай кен орнындағы байыту фабрикасында өрт болды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Орловская шахтасындағы жағдай

Орловская шахтасындағы оқиға туралы алдымен Жезкент кентінің әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтері хабарлаған. Олардың жазуынша, шахтада техника өртеніп, электр желісінде қысқа тұйықталу болған. Осыдан кейін жұмыс уақытша тоқтатылып, шахтадағы қызметкерлер эвакуацияланған.

KAZ Minerals оқиғаны 10 тамызда ресми түрде растады. Компанияның мәліметінше, 8 тамыз күні сағат 22:00 шамасында шахтаның 10-горизонтында түтін байқалған. Сол сәтте түнгі ауысымда жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің барлығы жер бетіне шығарылған.

Оқиға орнына тау-кен құтқарушылары жіберіліп, бұрғылау қондырғысының маңынан түтін шыққан жер анықталған. Мамандар жағдайды жедел бақылауға алып, түтіннің шығуын тоқтатқан.

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда бұрғылау қондырғысы бүлінген. Компания алдын ала болжам бойынша, түтіннің шығуына электр кабелінің зақымдануы себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.

Ақтоғай кен орнындағы өрт

Келесі күні, 9 тамызда, KAZ Minerals-тің Ақтоғай кен орнында тағы бір төтенше жағдай болды.

Компанияға қарасты №1 байыту фабрикасының білікті ұсатқыш учаскесінде өрт шыққан. Сол уақытта мердігер ұйымның қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт елеуіш орналасқан аумақта басталған.

Өрт кезінде учаскеде болған 20 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер тіркелген жоқ. Түтіннен зардап шеккен немесе медициналық көмекке жүгінген адам болмаған. Өрттің ашық жалыны толық сөндірілді.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін компания арнайы комиссия құрды. Қазір өрттің қанша шығын келтіргені және өндіріс жұмысына әсері есептеліп жатыр.

Компанияның екінші байыту фабрикасы мен тотыққан кенді өңдеу кешені әдеттегі режимде жұмысын жалғастырып отыр.

Компания нысандарындағы соңғы оқиғалар

KAZ Minerals кәсіпорындарында соңғы айларда бірнеше төтенше жағдай болған.

Шілде айының басында Орловская шахтасында жұмысшыларды тасымалдайтын көтергіш тоқтап, алты адам зардап шеккен.

Сәуірдің соңында шахтада тау жыныстары опырылып, бір жұмысшы қаза тапқан, тағы бір адам жарақат алған.

Мамыр айының соңында Артемьевская шахтасында тау жыныстарының опырылуы салдарынан бір кенші көз жұмды. Бұған дейін осы шахтада жөндеу жұмыстары кезінде механик биіктіктен құлап кеткен.

Наурызда компанияның басқа нысандарының бірінде екі жұмысшы зиянды газдан уланып, олардың бірі қайтыс болған.

KAZ Minerals немен айналысады?

KAZ Minerals 2014 жылы Kazakhmys компаниясы бөлінгеннен кейін жеке компания ретінде құрылған. Компания мыс өндірумен айналысады және Қазақстандағы ірі тау-кен кәсіпорындарының бірі саналады.

Оның активтеріне Бозшакөл және Ақтоғай кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кеніші және Ресейдегі Баимское жобасы кіреді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның кірісі 1,63 трлн теңге, ал таза пайдасы 341,8 млрд теңге болған.

KAZ Minerals-тің ең ірі акционері – қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким.