35-тен аса блогерді казиноны жарнамалауға тартқан өзбекстандыққа іздеу жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, 2000 жылғы 19 ақпанда туған, әлеуметтік желіде «Маха.dxb» атымен танымал блогер Махмуд Умидович Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады. Сот оны қамауға алуға санкция берген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Блогерге «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдік келтіріліп отыр.
ҚМА мәліметінше, Қазақстанда заңсыз интернет-казинолардың жұмысына жағдай жасаған жүйе болған. Оның ішінде ойын платформаларының интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау мен төлем жасау тетіктері ұйымдастырылған. Бұл үшін банк эквайрингі, мобильді төлемдер және криптовалюта қолданылған.
Заңсыз ойынханаларды жарнамалау үшін Хикматов блогерлерді тартумен айналысқан. Ол Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялатқан.
Блогер жарнама беретін адамдардан олардың парақшаларының статистикасын, соның ішінде оқырмандарының жасы мен орналасқан жері туралы мәліметтерді және жарияланымдардың қамту көрсеткіштерін сұратқан. Жарнама ақысы осы көрсеткіштерге қарай белгіленген.
"ҚМА мәліметінше, Хикматов 35-тен астам блогерді, оның ішінде Қамза Қ.-ны да тартқан. Қамза Қ. интернет-казиноларға апаратын сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын заңсыз құмар ойындарға тартқан. Ол әрбір сілтеме арқылы өткен пайдаланушы үшін сыйақы алып отырған", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қамза Қ. биыл 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған.
ҚМА іздеудегі Хикматовтың қайда жүргені туралы ақпарат білетін азаматтарды +7 7172 70 84 78 нөміріне хабарласуға шақырды.
Агенттік ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақталатынын және сыйақы берілетініне кепілдік берді.