Жаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы құттықтауында ұлы ақынның шығармашылық және зияткерлік мұрасы ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Президент Абайдың «Толық адам» идеясын да ерекше атап, оның қазіргі қоғам үшін маңызын айтты.

«Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым», – деді Тоқаев.

Абай Құнанбайұлы 1845 жылғы 10 тамызда дүниеге келген. Ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде аталып өтті. Ал 2020 жылғы 5 тамызда Үкімет қаулысымен 10 тамыз мерекелік күндер күнтізбесіне Абай күні ретінде енгізілді.