Арман Дүйсеновтің ұлы Абылайдың өлімі: анасы тергеуге қатысты жаңа мәліметтерді айтты
Әнші әрі композитор Арман Дүйсеновтің ұлы Абылайдың өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Марқұмның анасы Айсұлу Айданқызы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында тергеу барысына қатысты бірқатар жайтты айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Айсұлу Айданқызының айтуынша, отбасы істің мән-жайын анықтау үшін ситуациялық сараптама жүргізген. Адвокаттар мен сарапшыларға Абылайдың қолы кісенделген жағдайда өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін бе деген сұрақ қойылған.
Марқұмның анасы сарапшылар қолда бар материалдарды зерттеп, мұндай жағдайда Абылайдың өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін емес деген қорытынды жасағанын айтты.
Сонымен қатар іс аясында психологиялық сараптама да жүргізілген. Оның қорытындысында Абылайдың белгілі бір кезеңде психологиялық күйзеліс жағдайында болғаны көрсетілген.
Алайда Айсұлу Айданқызы бұл сараптаманың марқұмның психологиялық жағдайына қатысты толық деректерге емес, негізінен негізгі куәгерлердің берген мәліметтеріне сүйеніп жасалғанын алға тартты.
Марқұмның анасы Бостандық аудандық полициясының тергеу жүргізуіне де сын айтты. Оның пікірінше, істегі кейбір маңызды деректерге тиісті деңгейде назар аударылмай отыр.
Айсұлу Айданқызының сөзінше, тергеу барысында Абылайға қомақты қаржы қарыз болған адамдардың қатарында Жанәли есімді азаматтың аты аталған. Анасының айтуынша, аталған адамдар қарыздарын қайтарып бергенін мәлімдегенімен, бұл сөздерін растайтын нақты дәлелдер ұсынылмаған.
«Ақшаны қайтарып бердік» деген сөздің өзі жеткіліксіз деп есептейтін Айсұлу Айданқызы осы адамдардың әрекетін жан-жақты тексеру қажет деп санайды.
Ол тергеу органдары Абылайға қарызы болған азаматтарға қатысты нұсқаға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын айтып, істің барлық ықтимал нұсқасын толық зерттеуге шақырды.
Қазіргі таңда Абылай Дүйсеновтің өліміне қатысты іс бойынша түпкілікті сот шешімі шыққан жоқ.
Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда көз жұмған еді. 2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.