Шавкат Рахмоновтың отбасы қара жамылды
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әкесі Бақтыбай Рахманұлы Алпамысов қайтыс болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қайғылы хабарды спортшының қарындасы Сора Рахмонова әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Жақындарының айтуынша, марқұмның рухына Құран бағыштау асы 13 тамыз күні сағат 18:00-де өтеді. Осыған байланысты Бақтыбай Рахманұлының туған-туыстары, етжақындары мен достары дұға жасауға шақырды.
Сора Рахмонова жазбасында:
«Қатысуларыңыз – марқұмның рухына дұға, біздерге үлкен қолдау. Алла Тағала қабыл етсін! Әмин», – деп жазды.
Бақтыбай Рахманұлы халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүрген Шавкат Рахмоновтың әкесі еді. Шавкат Рахмонов кәсіби аралас жекпе-жектегі жетістіктерімен танылып, отандық және шетелдік жанкүйерлердің ықыласына бөленген.