«Қазақстан халқына» қоры оқуға түсе алмаған талапкерлерге 350 грант бөлді
Мемлекеттік білім беру грантына ие бола алмаған талапкерлер үшін тағы бір мүмкіндік бар. 2026-2027 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында білім алуға 350 грант бөлді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қор грантына белгілі бір талаптарға сай келетін талапкерлер өтініш бере алады. Үміткер ауылдық елді мекендердегі, сондай-ақ шағын және моноқалалардағы мектептердің 25 жасқа дейінгі түлектері болуы керек. Сонымен қатар олар төмендегі санаттардың біріне жатуы қажет:
жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар;
мүгедектігі бар тұлғалар;
мүгедектігі бар балалар тәрбиеленетін отбасылардың балалары;
ата-анасының мүгедектігі бар талапкерлер.
Қор бір оқу жылындағы оқу ақысын 1 миллион теңгеге дейін өтейді. Бұдан бөлек, грант иегерлеріне 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Биыл шәкіртақы мөлшері 1,5 есеге артқан.
«Қолдау оқу мерзімінің толық кезеңіне беріледі және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастардың жоғары білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған», – деп түсіндірді «Қазақстан халқына» қоры.
Талапкерлерден құжаттар 2026 жылғы 1-17 тамыз аралығында қабылданады. Құжаттар тексерілгеннен кейін грант иегерлерінің тізімі қордың ресми сайтында 11 қыркүйекке дейін жарияланады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылды. Қордың негізгі мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және мәдениет салаларындағы маңызды мәселелерді шешуге жәрдемдесу.