Ақтауда 300-ге жуық отбасы алаяққа алданған
Ақтауда 300-ге жуық отбасы бірнеше жылдан бері өздері заңсыз деп есептейтін қарыздарға, өндіріп алу шараларына және мүлікке қойылған шектеулерге қатысты наразылық білдіріп келеді. Тұрғындардың айтуынша, кейбір отбасы жалғыз баспанасынан айырылған. Ал бірқатар әскери қызметшінің жалақысынан қарызға байланысты ақша әлі де ұсталып келеді. Жергілікті тұрғындар аталған мәселелерді шешіп, қарыздарға қатысты жағдайға қайтадан құқықтық баға беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Lada.kz мәліметінше, Ақтаудағы тұрғындар бұл жағдайды жергілікті ер адамның әрекетімен байланыстырады. Олардың айтуынша, оқиға 2017 жылы басталып, содан бері зардап шеккендерге келтірілген шығын көлемі 100 миллион теңгеден асқан.
Арызданушылардың сөзінше, осы жағдайдан кейін ондаған адам сот процестеріне тартылып, өздері жалған деп есептейтін қарыздарды өтеуге мәжбүр болған. Тұрғындар өз қолдарында сырттай шығарылған сот шешімдері, жеке сот орындаушыларының мүлікке тыйым салу және қаражат өндіру туралы қаулылары, құқық қорғау органдарының жауаптары, сондай-ақ күдікке ілінген адамға қатысты бұрынғы сот үкімінің көшірмелері бар екенін айтады.
Алайда ұжымдық үндеуде даулы қарыздардың нақты қандай жағдайда пайда болғаны егжей-тегжейлі көрсетілмеген.
Тұрғындар осы мәселеге байланысты Маңғыстау облысының полициясына, прокуратурасына және әділет органдарына бірнеше мәрте арызданғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылған.
Қазір іс қайтадан полиция өндірісінде. Арызданушылар күдікке ілінген адамның тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеп отыр.
Сонымен қатар тұрғындар тергеудің тым ұзаққа созылып кеткеніне наразы. Олардың сөзінше, бірнеше жыл өтсе де, мәселе әлі түпкілікті шешімін таппаған.
Тұрғындар Президенттен көмек сұрады
Ақтаудағы зардап шеккен тұрғындар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұжымдық үндеу жолдаған. Қазіргі таңда құжатқа 50-ден астам адам қол қойған, қол жинау жалғасып жатыр.
Арызданушылар Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ҰҚК өкілдерінің қатысуымен жеке тексеру жүргізуді сұрайды. Сонымен бірге олар сот шешімдері мен жеке сот орындаушыларының әрекеттерінің заңдылығын тексеруді талап етіп отыр.
Тұрғындар өздері жалған деп санайтын қарыздарды жоюды және заңсыз тәркіленді деп есептейтін мүліктерін қайтаруды да сұраған.