Қазақстандағы үш ЖОО түлектерге гранттарын жариялады
Мемлекеттік білім беру грантына іліге алмаған талапкерлер үшін тағы бір мүмкіндік бар. Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына өз гранттарын ұсынатын жоғары оқу орындарының тізімін жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Биыл Қазақстандағы үш университет талапкерлерге ішкі білім беру гранттарын ұсынады. Сонымен қатар кейбір оқу орындарында оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар қарастырылған.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 500 білім беру квотасын бөлді. Қатысу үшін құжаттарды 10-15 тамыз аралығында тапсыру қажет. Конкурсқа мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT саласындағы олимпиадалар, жобалар мен байқаулардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант ұсынады. Бұдан бөлек, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың, сондай-ақ «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегіне оқу мерзімі бойы 100 пайыздық білім гранты беріледі.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде конкурстық бағдарламалар аясында 94 грант қарастырылған.
Ішкі гранттарды тағайындау талаптарын әр университет өз бетінше белгілейді. Іріктеу барысында талапкерлердің ҰБТ нәтижелері, академиялық жетістіктері, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы көрсеткіштері ескеріледі. Сонымен қатар талапкердің әлеуметтік жағдайы да назарға алынады.