Мьянмадағы құлдықтан босатылған ресейлік қыз бірнеше айдан соң БАӘ-де жоғалып кетті
Мьянмада шамамен алты ай бойы құлдықта болған ресейлік Дарья Біріккен Араб Әмірліктерінде із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол биыл көктемде босатылып, Ресейге оралған. Алайда бірнеше айдан кейін БАӘ-ге қайта барған қыз 1 тамызда Дубайдан Шарджаға жол тартқаннан кейін байланысқа шықпаған. Бұл туралы buginmedia.kz Mash арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғалар алдында Дарья анасына небәрі үш секундтық видео жіберген. Кадрда қыз «Мен психиатриялық ауруханада жатырмын» деген. Осыдан кейін ол анасының әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттап тастаған.
Анасының сөзінше, Дарьяға психикалық бұзылыс диагнозы қойылған. Сол себепті қыз өзін басқа адамның атымен таныстырып, өзі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер айтуы мүмкін.
Дарья Мьянмаға шетелде модель әрі аудармашы болып жұмыс істеуге шақырған хабарландыруға жауап бергеннен кейін барған. Алайда ол Янгон маңындағы алаяқтық орталықтарының біріне түсіп, шамамен алты ай сонда болған.
Қыздың айтуынша, орталықта ұсталған адамдарға күш қолданылып, оларды электр тоғымен азаптаған және оқшаулап ұстаған. Оған жергілікті күзетшілердің бірі қашып шығуына көмектескен. Ер адам Дарьяға ғашық болғаны айтылады.
Бостандыққа шыққаннан кейін қыз Бангкоктағы адам саудасының құрбандарын анықтау орталығына жеткізілген. Кейін Ресейге оралған Дарья бірнеше айдан соң қайтадан БАӘ-ге кеткен.
Қыздың анасы қызының жоғалуына байланысты Ресей консулдығына жүгінген. Ол Дарья психиатриялық ауруханадан шыққаннан кейін елден депортациялануы мүмкін деп алаңдап отыр.