Украина қазақ мұнайын тасымалдайтын танкерлерге соққы жасамайтын болды
Украина АҚШ-қа Каспий құбыры консорциумының нысандарына шабуыл жасамауға уәде берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы Bloomberg америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, Киев Қара теңіздегі КҚК нысандарына, сондай-ақ Новороссийск маңындағы терминалға бағыт алған ресейлік емес танкерлерге шабуыл жасамауға міндеттенген.
Алайда бұл келісімнің бірқатар шарты бар. Атап айтқанда, кемелер ресейлік мұнайды немесе өзге де ресейлік жүктерді тасымалдамауы керек. Сонымен қатар олар Украина санкцияларына енбеген және Ресей азаматтары мен компанияларына тиесілі болмауы тиіс.
Украина коммерциялық тасымалдаушылармен байланыс орнату үшін арнайы арналар да құрған. Кеме иелері осы арналар арқылы кемелерінің қауіпсіз өтуіне қажетті ақпаратты алдын ала бере алады.
КҚК Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты саналады. Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайдың мұндай көлемін балама бағыттарға толықтай бұра алмайды. Әлемдегі мұнай жеткізілімдерінің шамамен 2 пайызы осы құбыр жүйесі арқылы тасымалданады. Оның негізгі бөлігі Еуропадағы сатып алушыларға жөнелтіледі.
Еске сала кетейік, шілде айының соңында «Теңізшевройл» мұнайы тиелген танкерге дрон шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан кемеде өрт шығып, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған еді.