Білім

Қазақстандық талапкерлерге тағы 2,4 мыңға жуық грант бөлінді

Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың білім гранттарына өтініш қабылдау басталды. Биыл әкімдіктер бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша 2392 грант бөлді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігіның хабарлауынша, гранттар өңірлерге қажетті және басым бағыттар бойынша мамандар даярлауға арналған.

Ең көп грант Астанаға – 303, Шымкентке – 285 және Шығыс Қазақстан облысына – 270 бөлінді. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысына 211, Абай және Түркістан облыстарына 200-ден, Ақмола облысына 199, Қарағанды облысына 198, Атырау облысына 187, Маңғыстау облысына 163 грант қарастырылған. Қалған өңірлерге шамамен 100 гранттан бөлінді.

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі керек. Қажетті құжаттар қатарында білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты және жеке куәліктің көшірмесі бар. Жеңілдік санатына жататын талапкерлер тиісті құжаттарын да ұсынуы қажет.

Гранттарды тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

ЖОО-ларға құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Талапкерлер құжат қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан ала алады.