Білім

“Дін мемлекеттен бөлек”: Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қатысты талаптарды түсіндірді

Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды тағы бір мәрте еске салып, білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесі зайырлы қағидаттарға негізделетінін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлінген, ал білім беру ұйымдарындағы білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Мектеп формасына қойылатын міндетті талаптар оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады. Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді», – делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды. 2026–2027 оқу жылы қарсаңында мұндай көмекпен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінген.

Министрлік қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитуралар мен аксессуарлар болмауы тиіс екенін де еске салды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті, – делінген министрлік хабарламасында.