Сандуғаш Стамғазиева Алтынбек Қоразбаевпен қарым-қатынасы жайлы алғаш рет ашық айтты
Ұзақ үзілістен кейін сахнаға қайта оралған әнші Сандуғаш Стамғазиева жеке өміріне қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Өнер иесі бұрынғы жары Алтынбектің алғашқы жұбайына ешқандай өкпесі жоқ екенін айтып, оған тек алғысын жеткізді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Өміріме еш өкінішім жоқ. Алтынбектің бірінші әйеліне көзқарасым өте жақсы. Қайта ол кісіге рахмет айтамын. Ол кісімен кездесіп, бір дастарқан басында отырмасам да, мен тілекшімін. Жүздескен жоқпын. Бір-бірімізді көп көрген жоқпыз. Мен қашан болмасын, адамға жамандық ойлаған емеспін. Ол кісінің даналығы, тәрбиесі, Алтекеңе деген сыйластығы, құрметі шығар. Бір-бірімізге алакөздік жоқ. Ал халық артық кетсе, ол тақырыпты жауып қоямын. Қайсысының ауызына қақпақ боламын?» – деді әнші.
Сонымен қатар Сандуғаш Стамғазиева бүгінде әркім өз отбасымен өмір сүріп жатқанын айтып, қыздарының әкесі балаларымен тығыз араласатынын жеткізді.
«Балаларымның әкесінің атына көп дүние айтылады. "Отбасының ортасына түсті" деп маған да жазады. Ол пешенемізге жазылған. Ең бастысы, мен ешкімді ажыратып алған жоқпын. Әркім өз отбасымен өмір сүріп жатыр. Егер мен отбасы бұзғыш болсам, ол кісінің өмірі мүлде басқа болатын еді. Ондай дүние болған жоқ. Балаларына көзқарасы да жақсы. Алтынбек амандығымды балалар арқылы біліп отырады. Қыздар әкесінің махаббатын, тәлім-тәрбиесін алып жатыр. Мен ештеңеге қарсы болмаймын. Жақсы болсын, жаман болсын – әкесі. Екеуі де әкесін жақсы көреді. Қазіргі таңда балаларға көмектесіп, ақылдасып, өзара араласып тұрады. Мен әкесіне қарай итеремін. Қызым сұранса да, «Әкеңмен сөйлес, ақылдас» деп отырамын», – деді өнер иесі.