Қызылорда облысында арнайы операция кезінде 13 адам ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті облыстық прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қатысуымен Шиелі ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ Жаманкөл шатқалында табиғи алтын өндіріп келген. Құқық қорғау органдарының дерегінше, өндірілген кен күрделі технологиялық өңдеуді қажет етпеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндеттер жүктелген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, енді бірі өндірілген бағалы металды тасымалдау мен сатуға жауап берген. Қалғандары қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған.
Заңсыз қызметті жасыру үшін кен орнының маңына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар аумақты күзеткен. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгені туралы алдын ала ескертіп отырған.
Тергеу барысында өндірілген алтынның Алматы қаласына жеткізіліп, сатылғаны анықталды. Ал одан түскен қаражат қылмыстық топ мүшелерінің арасында бөлінген. Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш, 6 автокөлік, сондай-ақ 2 пневматикалық тапанша мен 1 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді.
Қазіргі уақытта 13 күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейді.