Жаңалықтар

Артында екі баласы қалды: Семейде ер адам әйелін 27 рет битамен ұрып өлтірген

Семейде бұрынғы жұбайын өлтірген ер адам 12 жылға сотталды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Семейде бұрынғы жұбайын аса қатыгездікпен өлтірген ер адам 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.

Сот үкімі 2026 жылғы 6 тамызда шығарылды. Үкімге сәйкес, сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде тұрғын үйдің ауласында болған. Мас күйдегі ер адам қызғаныштан 52 жастағы бұрынғы жұбайы Айжан Баяхметоваға шабуыл жасап, оны ағаш бейсбол битасымен 27 рет ұрған. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Ал марқұмның туған ағасы жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырған.

Марқұмның артында 12 жастағы қызы мен 16 жастағы ұлы қалды. Сот Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына кәмелетке толмаған балаларға ресми қамқоршылық белгілеуді тапсырды. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар нағашыларының қамқорлығына берілуі мүмкін.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.