Білім

СОР мен СОЧ алынып тасталады: Қазақстан мектептерінде баға қоюдың жаңа ережелері енгізіледі

Қазақстанда 2–11-сынып оқушыларын жаңа ережелер бойынша бағалай бастайды. Тиісті бұйрық жобасын Оқу-ағарту министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан мектептерінің 2–4-сыныптарында дәстүрлі СОР мен СОЧ-ты алып тастау жоспарланып отыр. Оның орнына қалыптастырушы бағалау, сондай-ақ тақырыптық және қорытынды бақылау жұмыстары енгізіледі.

5–11 (12)-сыныптарда қазіргі қолданыстағы жүйені сақтау ұсынылады. Оқушылардың білімі бұрынғыдай күнделікті сыныптағы жұмыс және жиынтық бағалау (СОР және СОЧ) арқылы тексерілетін болады.

«Тоқсандық бағалар бағалау нәтижелері негізінде қойылады және білім алушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген бұйрық жобасында.

Оқу-ағарту министрлігі жаңа ережелер оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесін жетілдіріп, оны барынша ашық әрі объективті етеді деп есептейді.

Құжат 2026 жылғы 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ведомство СОР мен СОЧ-ты бағалаудың басқа тәсілдерімен алмастыру мәселесін пысықтап жатқанын хабарлаған болатын. Ол қолданыстағы бағалау әдістемелерінің кемшіліктері бар екенін мойындап, мектептерде дәстүрлі бақылау жұмыстарының санын көбейту жоспарланып отырғанын мәлімдеген.