Қайсар Қамза жеті жылға сотталуы мүмкін - Бас прокуратура
Қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол заңсыз интернет-казиноны жарнамалап, азаматтарды құмар ойындарға тартты деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, тергеп-тексеру органының нұсқасы бойынша 2025 жылғы қаңтарда ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ауқымды аудиторияны пайдалана отырып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казино жарнамасын орналастырған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.
Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары түскен.
"Жалпы, қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Осы орайда, қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынғанын, ал қалғандарын, оның ішінде жоғарыда аталған күдіктіге де халықаралық іздестіру жарияланғанын атап өткен жөн", - делінген хабарламада.
Ағымдағы жылғы маусым айында Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында күзетпен қамауға алынды.
Күдіктіге тағылып отырған айып бойынша оған сол әрекеттi жасағаны үшiн мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.