Жаңалықтар

Доллар 500 теңгеге жете ме? Қазақстандық сарапшы күтпеген болжам жасады

Қазақстанда доллар бағамы уақыт өте келе 500 теңгеге жетуі мүмкін. Алайда оның күрт қымбаттауын күтудің қажеті жоқ. Мұндай пікірді Atameken Business-ке берген сұхбатында қазақстандық қаржыгер әрі сарапшы Расул Рысмамбетов айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның сөзінше, егер теңге әлсірейтін болса, бұл үдеріс біртіндеп жүреді.

«Бағам бұрынғы деңгейіне қарай жылжиды. Әрине, бір доллар миллион теңге болмайды, бірақ 500 теңгені көреміз. Бұл жақын арада болмауы мүмкін, алайда бәрі баяу әрі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қалай болғанда да, ондай деңгейге жетеміз», – деді Рысмамбетов.

Сарапшы қазақстандықтарды валюта нарығындағы кезекті ауытқулар кезінде дүрлікпеуге шақырды. Оның айтуынша, бағамның 10–15 теңгеге өзгеруі – нарықтық экономика үшін қалыпты құбылыс.

«Егер теңге әлсірей бастаса, бірден доллар сатып алуға жүгірмеу керек. Мұны бағам әлдеқайда төмен кезде жасаған дұрыс еді. Көпшілік аз ғана ауытқудан пайда тапқысы келеді, бірақ ақырында табыстан гөрі уайымы көп болады», – деді қаржыгер.

Рысмамбетов ұлттық валюта бағамына бірқатар фактор әсер ететінін атап өтті. Олардың қатарында әлемдік мұнай бағасы, экспорттық инфрақұрылымның жұмысы, банк секторының жағдайы, кәсіпкерліктің дамуы және экономиканың жалпы ахуалы бар.

Оның айтуынша, соңғы уақытта валюта нарығына Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдай, Таяу Шығыстағы оқиғалар және мұнай бағасы ықпал етті. КҚК арқылы мұнай жөнелту қайта басталғаннан кейін бұл тәуекелдердің бір бөлігі азайғанымен, толық жойылған жоқ.

Сарапшының пікірінше, теңгенің ұзақ мерзімді тұрақтылығы Қазақстан экономикасының шикізат экспортына тәуелділігін қаншалықты азайта алатынына байланысты болады. Оның айтуынша, экономикалық өсімді тек ірі мұнай-газ компаниялары ғана емес, мыңдаған шағын және орта бизнес субъектілері қамтамасыз етуі тиіс.

Сондай-ақ Рысмамбетов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуі теңгедегі активтердің инвесторлар үшін тартымдылығын азайтып, ұлттық валютаға қысымды күшейтуі мүмкін екенін айтты.

Сонымен бірге ол валюта бағамының құбылуын толықтай болдырмау мүмкін емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, тіпті дамыған елдердің өзінде валюталар бағамы тұрақты түрде өзгеріп отырады, сондықтан мұндай ауытқулар нарықтық экономиканың табиғи бөлігі саналады.

Еске салайық, бұған дейін теңге нығайғанына қарамастан, қазақстандықтардың доллар сатып алу көлемі екі есеге артқаны белгілі болған еді.