«Сахнаның ешқандай киесі жоқ»: Бекболат Тілеуханның пікірі қызу талқыға түсті
Термеші, Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында сахнаның киесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сұхбат барысында ол сахнаны киелі орын деумен келіспейтінін айтты.
«Сахна киелі дейді. Ешқандай киесі жоқ. Мінбердің киесі болуы мүмкін. Сахна дегеніміз – еден мен микрофон. Онда мен отырған жер де сахна. Оны кие-пие деп, өзін қатардағы адам көргісі келмей айтатын мақтаншақ адамдардың сөзі болып көрінеді маған», – деді Бекболат Тілеухан.
Оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Кейбір оқырмандар Тілеуханның кезінде термеші болып жүргенде сахнаның киесі туралы айтқан сөздерін еске түсірсе, енді бірі сахнаның киесі оған шығатын өнер иелерінен емес, оларды құрметтеп тыңдайтын халықтан басталатынын алға тартты.
«Қанша халықтың назары бар, сондықтан сахна киелі», «Музыканы харам деп ашық айта алмағандықтан осылай айтып отыр» деп жазды желі қолданушылары.