Қазақстанда Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді: тамыздан бастап не өзгереді?
2026 жылдың тамыз айында Қазақстанда Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер кезең-кезеңімен күшіне енуде. Uchet.kz мәліметінше, түзетулердің алғашқы бөлігі 4 тамызда қолданысқа енгізілсе, келесі кезеңі 13 тамызда, ал соңғысы 25 тамызда күшіне енеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Өзгерістер еңбек шарттарына, тәртіптік жауапкершілікке, медициналық тексерулерге, еңбек қауіпсіздігіне, кадрлық процестерді цифрландыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге және киберқауіпсіздікке қатысты.
4 тамыздан бастап қандай өзгерістер күшіне енді?
4 тамыздан бастап күшіне енген негізгі түзетулерге сәйкес, еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарының қатарына қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, сондай-ақ оның жеке өміріне қол сұқпау құқығы енгізілді.
Егер жұмысқа орналасуға кепілдігі бар азамат жұмысқа қабылданбаса, жұмыс беруші оның талабы бойынша бас тарту себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті.
Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартын тоқтату тәртібі де өзгерді. Егер қызметкердің соңғы жұмыс күні уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіне немесе әлеуметтік демалысқа сәйкес келсе, жұмыстан шығару күні аурухана парағы немесе демалыс аяқталғаннан кейінгі алғашқы жұмыс күні болып есептеледі.
Материалдық жауапкершілігі бар қызметкерлерді жұмыстан босату тәртібі де нақтыланды. Егер мүлікті немесе құжаттарды қабылдап-тапсыру рәсімі қызметкердің кінәсінен аяқталмаса, еңбек шарты бұл рәсім толық аяқталғаннан кейін ғана тоқтатылады.
Енді тәртіптік жаза қолдану кезінде жұмыс беруші тек құқық бұзушылықтың ауырлығын ғана емес, оның жасалу мән-жайын және қызметкердің өкіну дәрежесін де ескеруге міндетті.
Сонымен қатар міндетті медициналық тексеруден өтетін қызметкерлердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Ал жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкес негізгі өндірістік қорлардың қауіпсіз күйде болуын қамтамасыз етуге міндеттелді.
13 тамыздан бастап не өзгереді?
13 тамыздан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және кадрлық процестерді цифрландыруға қатысты нормалар күшіне енеді.
Түзетулерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарды белгілі бір лауазымдарға қабылдауға қойылатын шектеулер кеңейтіледі.
Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін цифрлық кадрлық жүйеде кадрлық процестерді жүргізуге арналған жаңа бөлім енгізіледі. Ол кадрлық құжаттарды рәсімдеуді, есепке алуды, сақтауды және қызметкерлер туралы мәліметтерді электрондық форматта жүргізуді қарастырады.
25 тамыздан бастап қандай талаптар енгізіледі?
25 тамыздан бастап жұмыс берушілерге киберқауіпсіздік саласында жаңа міндет жүктеледі. Олар қызметкерлерді ұйымның ішкі киберқауіпсіздік талаптарымен таныстырып, олардың орындалуын бақылауға міндетті болады.
Сонымен бірге киберқауіпсіздік талаптарын сақтау қызметкерлердің де міндетіне айналады.
Қандай құжаттарды қайта қарау қажет?
Тамыздағы өзгерістерге байланысты жұмыс берушілерге кадрлық құжаттарды жаңарту ұсынылады. Атап айтқанда, хабарлама нысандары, еңбек шартын тоқтату тәртібі, материалдық жауапты қызметкерлерді жұмыстан босату рәсімдері, тәртіптік жауапкершілік, медициналық тексерулер, еңбек қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке қатысты ішкі құжаттар қайта қаралуы тиіс.
Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды және цифрлық кадрлық жүйеде кадрлық процестерді жүргізу қағидаларын ескеруі қажет.