Көкшетауда жаяу жүргіншілер жолында төрт баланы көлік қағып кетті
Көкшетауда жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан төрт кәмелетке толмаған баланы көлік қағып кетті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты Абай мен Пушкин көшелерінің қиылысында болған. Әлеуметтік желілерде жүргізуші көліктің терезелері буланып кеткендіктен жаяу жүргіншілерді байқамай қалған болуы мүмкін деген болжам тарады. Сондай-ақ рөлде әйел адам болғаны айтылуда.
Полицияның мәліметінше, оқиға 4 тамыз күні сағат 18:00 шамасында болған. Jetour маркалы автокөліктің жүргізушісі жаяу жүргіншілерге жол бермей, 2012 және 2013 жылы туған төрт баланы қағып кеткен.
Жол апаты салдарынан оқушылар түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін олардың барлығы үйлеріне жіберілді.
Ведомствоның хабарлауынша, зардап шеккен балалардың ата-аналары жүргізушіге қатысты ешқандай шағым түсірмеген.
Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты жаяу жүргіншілерге немесе жол қозғалысының өзге қатысушыларына жол бермеу дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.