«Менің жылқыларымды жымқырып үй салып алды»:Тәжіғали Елеуовтің сөзі қызу талқыға түсті
Ақтөбе облысындағы жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты дау жалғасып жатыр. Мал иесі Тәжіғали Елеуов журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында жылқышы туралы өз пікірін айтып, оның қаржылық жағдайына күмән келтірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Елеуовтің сөзінше, Рахат Сәрсеновтің ресми табысымен үй салуы мүмкін емес.
"Кеше үйіне бардым, тағы үй салып жатырмын. 150 мыңға кім үй сала алады? Менің жылқыларымды жымқырып үй салып алды. Балаларының бәрін үйлендірдім, бәрінің тойын жасадым. Бәрі отбасылы. Бес баласы есейіп ер жетсе де әкесіне бір үй салып бере алмайды. Өзім құрылысшымын, үй салу оңай емес. Балаларының қанша айлық алатынын білемін. Тайбек 400 мың теңге айлық алады. Ондай айлыққа үй салмайды. Кредиттері жоқ, бәрін тексердім", – деді ол.
Сұхбат барысында журналист Руслан Өтепбай Тәжіғали Елеуовтен өзге адамның қаржылық және жеке мәліметтерін қалай анықтағанын сұрады. Алайда мал иесі бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.
Сұхбат жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары пікір білдіріп, түрлі көзқарастарын жазды. Олардың арасында:
"Алдар Көседегі бай сияқты", "Мен, мен деп қалған кісі екен", "Үйді тек осы кісі ғана сала алады, басқалар сала алмайды", "Мына арсызды қамау керек" деген пікірлер бар.