Жаңалықтар

Қазақстанда рақымшылықпен қанша сотталған босатылғаны белгілі болды

Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында жүздеген сотталған бостандыққа шықты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Мәліметке сәйкес, соттарға 11 мыңнан астам ұсыныс жолданған. Оның 4,4 мыңға жуығын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6,9 мыңнан астамын пробация қызметі әзірлеген. Қазірдің өзінде соттар мыңнан астам материалды қарап үлгерген.

Нәтижесінде:

620 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, оларға әкімшілік қадағалау белгіленді;

пробация есебінде тұрған 724 адам жазасын өтеуден босатылды;

730 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаевтың айтуынша, рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталғанның ісіне жеке құқықтық баға беріліп, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Ведомствоның мәліметінше, бостандыққа шыққан азаматтарға жұмысқа орналасуға, құжаттарын қалпына келтіруге, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда рақымшылық аясында шамамен 590 мың адамның әкімшілік айыппұлдары кешіріліп, жалпы сомасы 22 млрд теңгеден асатын 1,3 млн өндіріп алу ісі тоқтатылған болатын.